Бір күндік демалыс туризм / Түрген өзеннің шатқалы
GPS Түрген өзені шатқалына бұрылатын шатқалдың ауызындағы координаттар 43.386449, 77.572499
Өзімен аттас өзені бар Түрген шатқалы – Іле Алатауының ең ұзын әрі кең шатқалы. Шатқал Іле Алатауының Басты жотасының теріскей бөктерлерінен басталады. Түрген шатқалымен оңтүстіктен Іле Алатауының Басты жотасы шектеседі. Аманжол өткелінен кейін Басты жота қатты еңістейді, оны Сарытау деп атайды. Батыстан Есік сілемі Түрген мен Есікті бөліп жатыр. Түрген шатқалының солтүстік-шығыс шекарасы Сарытау жотасынан басталып, шатқалды Асы үстірті нен бөліп жатқан қырқаларға ұласады. Қырқалар Қараш жотасынан солтүстікке қарай, жотаның оңтүстік-батыс және батыс бөктерлерін бойлай Іле аңғарына дейін созылады. Шатқалдың Теріскенсу өзенінен бастап Батан шатқалына дейінгі бөлігі тар әрі терең, оның тереңдігі кейбір жерлерінде бір жарым километрге жетеді.
Басты жотаның Түрген шатқалындағы ұзындығы - 34 км, ал Түрген шатқалының өзі 49 км-ға созылып жатыр.
Биік таулы аймақтағы Түрген өзенінің үш тармағы бар. Ойқарағай шатқалынан Таулы Институт мұздығынан келіп құйылатын тармағында Қайрақ сарқырамасы бар, ал Дөңжайлау шатқалынан келетін Бартоғай тармағында шатқал тарылып, «Царские ворота» деп аталады. Түргеннің негізгі шатқалында екі ірі өзен тармағы бар: Батан қонысындағы Шыңтүрген және Кіші Түрген. Шатқалдың ортаңғы бөлігінің оң жағына өзенннің атауы жоқ бір тармағы келіп құйяды, сонымен қатар онда Медвежий сарқырамасы орналасқан, ал одан төменірек сол жағында Теріскенсу өзенінің тармағы жатыр. Қызыл балық шаруашылығынан жоғары, сол жағында шағын атаусыз өзен тармағы бар.
Түрген шатқалына тас жолмен қатынау оңай. Аңғар сағасында Алматыдан 59 км қашықтықта үлкен Түрген ауылы орналасқан.
Шатқалға кіреберісте оң жақтан 1911 жылғы Верный жер сілкінісінен болған опырылулардың нәтижесінде түзілген орасан зор жалаңаш бөктерлерді көруге болады. Шатқал аузынан екі километр жерде, осы опырылымдардың қойнауында Үлкен Алматы шатқалындағы «Каменный цветок» опырылымы сияқты шағын сазды қазаншұңқыр жатыр. Одан бір километр жоғарыда Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағының экологиялық күзеті орналасқан. Қараш тауларының батыс бөктерлерінен саябақтың шығыс шекарасы өтеді. Күзеттен өте салысымен жол бойында ежелгі көшпенділердің тұрағы тұрғызылып, Есік қорғанының Алтын жауынгерінің мәнерлі мүсіні қойылған этнографиялық кешен орналасқан. Осынау аумақта танымал «Қиялы Бұлақ» бастауы жатыр. Ел аузында оның жасартатын және күш-қуат беретін қасиеті бар деген қауесет бар. Бұлақтың сыртында Көгілдір шыршалар мен Шренк шыршаларының көшеттері өсірілетін орман тәлімбағы орналасқан. Шатқалмен жоғары бойлай ең ескі орман шаруашылығы орналасқан. Ол 1961 жылы құрылған. Қазіргі уақытта балық шаруашылығы жабдықталған қонақүйге түнеп, осында өсірілетін «қызыл балықты» аулайтын танымал демалыс орнына айналды. Түрген өзенінің арғы бетінде, балық шаруашылығына қарама-қарсы тау бөктерінде таңғажайып пішінді қызыл сайлар сақталған. Олар мыңдаған жылдар болған апатты жер сілкінісінің нәтижесінде түзілген.
Шатқалдан бұрылған жерден оң жақта шағын аңғар бар, оған тас жол апарады. Мұнда «Синегорье (Көктау)» шипажайы орналасқан.
Шатқал бойымен үш километр жердегі аласа қыратта жасыл түсті шағын көл Жасылкөл – Қасымкөл жатыр. Бұрын ол Микеш көлі деп аталған.
Негізгі шатқалмен Теріскенсу өзенімен қосылатын жерге дейін өзен бойлай жайлы алаңқайлары бар кең алқап жатыр. Мұнда жаппалар, спорт алаңдары орналасқан. Шатқалдың Теріскенсудан «Синегорьеге» бұрылатын жерге дейінгі бөлігінде жазғы уақытта туристік фирмалар «рафтпен» жүзу сайыстарын өткізеді.
Теріскенсу өзенімен қосылатын жерден жоғары, XIX ғасырдағы американдық құрылыстар стилінде, «Дикиз Запад» дәуіріне сәйкес салынған «Стетсон ранчо» кешені орналасқан. Өзеннің арғы бетінде, сайдың төбесінде Асы үстіртіне апаратын көне керуен жолын көруге болады.
Әрі қарай жол Түрген өзенінен өткізетін алғашқы көпірге апарады. Мұнда дәмхана орналасқан, Медвежий және Скалистый сарқырамаларына апаратын жолдар осы жерден басталады.
Жоғарыда, өзеннен өтетін көпірден 300 метр қашықтықта, бүйір беткейде суы өте дәмді бұлақ ағып жатыр, оның емдік қасиеті туралы ел аузында әңгіме бар.
Әрі қарай жол Түрген өзенінің арнасын бойлай, оқтын-оқтын қарқынды ағысқа төне өтеді. Шатқалдың аузынан шамамен 26 км жерде шағын елді мекен мен қорықшылар жасағы орналасқан. Бұл мекен Батан деп аталады.
Қайрақты сарқырамасы жартастар мен ну орман басқан тік жарлы бөктерлердің ортасында орналасқан.
Түрген шатқалының сарқырымасы туралы тағы бірер сөз. Әр түрлі дереккөздерде Түрген шатқалындағы жеті сарқырама туралы мағлұматтар кең таралған, алайда олардың ешбіреуінде белгісіз төрт сарқыраманың қай өзендерде немесе бұлақтарда орналасқандығы туралы ешқандай дерек те, бейнесурет те жоқ. Ал Медвежий, Скалистый және Қайрақты сарқырамалары туралы ақпарат мол. Сонымен, Түрген шатқалында тек үш сарқырама ғана бар екені хақ.
Түрген өзеніндегі үшінші көпірден Батанның жоғарғы жағынан Шыңтүрген өзенінің аңғарымен ежелгі шыңтүргендік мүкті шыршалы орманға қарай елеусіз соқпақ басталады. Шыршалы ормандар Ұлы мұз басу дәуірінен сақталып қалған мәңгі мұздықта өскенімен белгілі. Мұз басқан жерлерде мүк қалың өсіп, шыршалы ормандағы тік жарлы бөктерлерді көмкереді. Осындай мәңгі мұз телімдері Түрген мен Кіші Түрген өзендерінің арасындағы Дөңжайлау шатқалының баурайларында да бар.
Шыңтүрген шатқалы өте тар әрі терең, каньонға ұқсайды. Батан қонысынан Кіші Түрген шатқалымен Асы үстірті мен астрофизикалық обсерваторияға апаратын автокөлік жолы өтеді. Батаннан Асы үстіртіне бұрылатын жерге дейін шамамен 6,5 км. Бұл жерде жол тармақталып кетеді. Қызылбұлақ арқылы оңға қарай қиын өткелді жол батысқа қарай Дөңжайлау шатқалы арқылы Түрген өзенінің жоғарғы жағына альпілік шалғындарға кетеді, оның ұзындығы 20 км. Оңтүстікке тармақталған жол өте қысқа - 1,5 км, бұрынғы жайылымдық мал шаруашылығы орталығының қираған құрылыстарынан сәл жоғары тұста аяқталады. Осы жерден Қызылбұлақ өзенімен тау арасындағы Шілік аңғарына апаратын Аманжол өткеліне (Н-3519) жаяу жол басталады, әрі қарай Күнгей Алатау жотасы арқылы Ыстықкөл көліне кетеді.
Шығысқа қарай күрт бұрылатын жол Асы үстіртіне апаратын өткелге шығарады. Өткелде жол екіге айрылады. Шығысқа кететін жол Асы үстіртіне, ал оңтүстікке бағытталған жол 2,5 км-ден соң Бұлақсаз шатқалына әкеледі, мұнда Қазақ КСР-і ҒА В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының «Асы» Обсерваториясы орналасқан. «Асы» – Қазақстандағы бірден-бір астроклиматы тамаша обсерватория (атмосфераның мөлдірлігі мен тазалығы және т.б. көрсеткіштері бойынша). Обсерватория зерттеулерінің негізгі бағыты – Күн жүйесінің үлкен ғаламшарларын (көзге көрінетін бет бөліктерін) зерттеп-білу. Туристер үшін обсерватория қызметкерлері жұлдызды аспанға түнгі саяхат ұйымдастырады.
Фотогалерея





























Басқаға ауысу