Майбұлақ-V әртүрлі кезең ескерткіштері
Археологиялық кешен Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Фабричный селосынан батыс-оңтүстік-батысқа қарай 1,6 шақырым жерде. Түрлі кезеңдердің ескерткіштер кешенін өлкетанушы В.В. Сараев ашты. 1987-2005 жылдар аралығында А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Алматы барлау экспедициясы зерттеді. 1989 жылы Алматы Новострой археологиялық экспедициясы қызметкерлері тарапынан археологиялық қадағалау жұмысы жүргізіліп, көптеген жәдігерлер жинақталды. Төбенің солтүстік-батыс баурайынан қазба жұмысын жүргізу барысында сандықта жерленген 2 мәйіт табылып, қола дәуірінің ірі таңдаулы обасы ашылды.
Майбұлақ археологиялық экспедициясы төбенің солтүстік-шығысын зерттеу мақсатында 168 ш.м алаңда қазба жұмысын жүргізіп, қола дәуірінің 4 және ерте темір дәуіріне жататын жерлеу орнын тапты.
Ескерткіш Майбұлақ шатқалынан шығар жердегі шатқалдың оң бүйіріндегі таулы үстіртте орналасқан. Төбе жергілікті тұрғындардың ондаған жылдар бойы топырақ каръері ретінде пайдаланылғандықтан мәдени қабаты жалаңаштанып, бірте-бірте бірегей ескерткіштің жоғалып кетуіне қауіп төндірген. Қалдықтың солтүстік-шығыс шетінде табылған көне оба тас дәуірінің көп қатпарлы ескерткіші болып табылады.
Қола дәуірі обасы сандық тәрізді тас тақталардан ұзынынынан қаланған тас молаларда жерленгендер тобын құрайды. Моланың ішіндегі адамдар өртеу салтымен немесе ішін-ара өртеу салтымен жерленген. Ішкі батыс қабырғасында қыш ыдыс, қоладан жасалған моншақ, сырға тәрізді түрлі сәндік бұйымдар қойылған. Алынған материалдарға қарап, обаның бұл бөлігі қола дәуірінің Андрон кезеңіне (б.з.дейінгі XV – XIIIғғ.) жатқызылады.
Ерте темір дәуірінің жерлеу құрылыстары айналасы тас дуалмен қоршалған аласа ғана қорған үйінділерінен және ішкі кеңістігі топырақпен көмілген, қорған диаметрі 4-тен 8 метрге жетеді. Қоршау–дуал ортасында моланың тас қабырғалары көрінеді, ол тігінен қазыла орнатылған тақталар, үсті ірі тастармен және майда, орташа көлемдегі тастармен толтырылған. Мола батыс-оңтүстік-батыс – шығыс- солтүстік-шығыс осіне бағытталған. Мәйітті жерлеу кезінде денесін түзулеп, басын батысқа қарата созыла жатқызған. Басына керамикалық ыдыстар мен темір бұйым (пышақ) қойылған. Алынған мағлұматтар жерленгендердің молалары ерте темір дәуірінің сақ кезеңіне жататындығын айғақтайды.
Шығыс бөлігінен неолит кезеңіне жатқызуға болатын жеркепе іздері көрінеді. 2005 жылы Ж.К.Таймағамбетовтің жетекшілігімен төбенің солтүтстік-батыс жағынан палеолит кезеңінің тұрақтарын зерттеу мақсатында 16×8 метр алаңда қазу жұмыстары басталды. Нәтижесінде палеолиттік тұрақ-қоныс қалдықтарынан көптеген тастан жасалған бұйымдар табылды. Жүргізілген зерттеудің ең көне қабаттары 50 мың жыл бұрынғы мерзімге жатқызылады.
Қазіргі заманғы шаруашылықты жүргізудің нәтижесінде бірегей археологиялық кешен жойылып кетудің аз алдында тұр. Ерте темір дәуірінің қорғандары ысырылып тасталған, неолит кезеңінің тұрғын жайларының жоғарғы контурлары мен қола дәуірінің тастан жасалған жерлеу құрылымы жалаңаштанған. Біршама бүлінбей сақталып тұрғандары - палеолиттік тұрақ-қоныстар.