Мақалалар / Талғар өзенінің алабы

Жарияланған күні:

Талғар өзені мен Талғар шатқалы Алматы қаласының шығысында, 22 км жерде жатыр. Талғар шатқалының бойында Талғар қаласы бар. Талғар алабы Іле Алатауының ең биік тұсы, мейлінше мұз басқан аймағы болып саналады. 4500 метр биіктіктен асатын шыңдардың түгелге жуығы осы аумақта. Талғар торабына жататын мұндағы ең биік нүкте Талғар шыңы да осы өңірде. 

Талғар өзенінің алабы Оң Талғар және Сол Талғар өзендерінен құралады. Екеуі қосылар тұстан алты шақырым әрі тағы бір ірі өзен Орта Талғар бар. Өзендер құйылысар тұстан төменіректе, Талғар өзенінің сол жағасынан, Маралсай шатқалынан басталатын шағын өзен қосылады. Талғар өзенінің ұзындығы Үлкен Алматы шатқалындағыдай өте қысқа, шамамен 10 шақырым ғана. Талғар өзені бастау алатын өзендер Іле Алатауындағы ең сулы өзендер қатарынан саналады.

Талғар өзенінің алабы

 Өзеннің кең алқапқа шығар тұсына Талғар қаласын селден қорғау үшін үлкен бөгет тұрғызылған. Бөгеттің төменгі жағына шағын электр станциясы салынған. Бөгеттің сол жағы түйенің қос өркешіне ұқсас Түйе тауға тіреледі.   Кей мәліметтерге қарағанда, алғаш рет, яғни 1856 жылы Ресей географы Н.Н. Семенов (Семенов Тянь-Шанский) Талғар шыңының биіктігін анықтаған. Географтың небәрі бірнеше метрге ғана жаңылғаны кейін белгілі болды.

Түйе тау

Талғар қаласынан кейін бұл өзен Бесағаш өзені деп аталады.

Талғар өзенінің алабы Қазақстандағы ең байырғы қорықтардың бірі – 1931 жылы құрылған Алматы мемлекеттік тарихи қорық аумағына толығымен кіреді.Қорық аумағы тек онымен шектелмей Талғар шыңымен қоса алғанда Іле Алатауының биік таулы өңірін түгелдей қамтиды. Солтүстігі Оң Талғар өзені Сол Талғармен бірігетін тұсқа дейін жетеді. Одан кейін Шың-Түрген шатқалының биік жағын орай отырып,  Есік көлінен жоғары Есік шатқалының шығыс су айрығына қарай өтеді, сөйтіп Шелек өзенінің алқабына шығады. Әрі қарай Іле Алатауының оңтүстік беткейін бойлап, Жусанды Күнгей жотасы Іле Алатауының Негізгі жотасымен бірігетін тұсқа дейін жетеді де одан соң батыс шекарасы Сол Талғармен өтеді.

Талғар өзені алабы мен оның негізгі салаларының сызбасы

Іле Алатауындағы бұл тамаша өлкені аралау үшін Алматы қорығы дирекциясының арнайы рұқсаты керек. Қорық дирекциясы Талғар қаласындағы Абай көшесінде орналасқан.

Сонымен қатар, атап өтерлік тағы бір жайт, Талғар өзені алабында саяхаттау үшін белгілі бір деңгейде техникалық дайындық пен дене күші және арнаулы альпинистік, туристік құрал-жабдықтар қажет.

Талғар өзені алабындағы әрбір шатқалдың тек өзіне ғана тән қайталанбас кесін-келбеті, сондай-ақ, туристік тарихы бар. Кей реттерде ұқсастық болуы да мүмкін. Шатқалдар мен өзендер және шыңдар жөніндегі егжей-тегжейлі сипаттамалар сол үшін беріліп отыр.

Автор: Колокольников А.Е.
×