Мақалалар / Талғар торабы

Жарияланған күні:

Іле Алатауының ең биік шыңы - Талғар шыңы орналасқан өңір Талғар торабы деп аталады. Оған Талғар шыңына жалғасып жатқан жоталар мен төбелер және ондағы мұздықтар да қосылады.

Қазақстандағы ең байырғы қорықтардың бірі Алматы мемлекеттік табиғи қорығы аумағына кіретін Талғар торабы Іле Алатауының шығыс жағында.

Биіктігі 4978 м Талғар шыңы айналасындағы өзге шыңдардың барлығының төбесінен қарайды. Басқа шыңдардың қай-қайсысы да алып шыңның қасында кіп-кішкентай көрінеді. Талғар шыңы Ұлы Жібек жолының бойымен кетіп бара жатқан байырғы саудагерлер мен саяхатшылардың және  осы өңірді мекендеген көшпенділердің басты бағыт-бағдарына айналған. Бұл шыңды 100 км жерден жаңылмай табуға болады, яғни батысында Ұзынағаш ауылынан да, солтүстігінде қазіргі Қапшағай қаласында тұрып та Талғар шыңын көруге мүмкіндік бар. 

Талғар торабы. Іле аңғарынан қарағандағы көрінісі

Талғар шыңын шартты түрде Іле Аалатауындағы Негізгі жотаның торабы деп санайды. Бұл шың Бас жотаның солтүстік, солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс беткейлері - Орта Талғар, Оң Талғар мен Жарсай және Есік шатқалдарын байланыстырып жатыр. Сонымен қатар Іле Алатауының оңтүстік-шығыс беткейлері Оңтүстік Есік, ішнара Оңтүстік-Шығыс Талғар шатқалы мен Богатырь мұздығының сол тармағы да Талғар торабымен байланысты.

Солтүстіктен қарағандағы Талғар торабы.    Оңтүстіктен қарағандағы Талғар торабы

 

Шығыстан қарағандағы Талғар торабы

Талғар шыңының өзі Солтүстік Талғар (Н-4964), Негізгі Талғар (Орталық Н-4978) және Оңтүстік Талғар (Н-4965) деп аталатын үш шыңнан құралады. Жотадағы Талғар массивінің ұзындығы 600 м шамасында. Ауа-райы ашық кезде Талғар шыңынан Қазақстан Республикасының ең биік нүктесі Хан Тәңірі (Н-6995) шыңы көрінеді. Талғар шыңына өте жақын жерде, Талғар асуының оңтүстік-шығысында Талғар шыңы (Н-4860), ал солтүстік шығысында Металлург (Н-4600) шыңдары бар.

Талғар торабы. Іле аңғарынан қарағандағы көрінісі

Солтүстік-батыс беткейлері көп тілімдене қоймаған Талғар торабында бәкене келген төрт қысқа жота -  Абай, Қылыштау және «Атаусыз» жоталар бар. Төртінші Солтүстік жота олардан біршама ұзын. Талғар шыңының беткейлерінде ұзындығы бір шақырымға дейін жететін айтарлықтай тік құлама жартастар кездеседі. Солтүстік Талғардың солтүстік-батыс беткейі биіктігі 900 метр жартас қабырға сықылды. Іле Аалатауындағы ең күрделі бағыт саналатын бұл бағыт осы шыңға алғаш өрмелеген альпист Пелевиннің атымен аталады. Талғар шыңының Негізгі және Оңтүстік шыңдарының батыс беткейлері, сондай-ақ Талғар шыңы мен Металлург шыңының арасындағы беткейлер  - өте биік және тік құлама жартасты-қарлы-мұзды беткейлер болып табылады. Бас жотада Талғар шыңының жанында тұрған Металлург шыңының (Н-4600) солтүстік қарлы-мұзды беткейлері өте тік, кей тұста 60ᴼ, кей жерлерде 75ᴼ дейін жетеді.

Талғар торабындағы жоталар    Пелевин бағыты

Оңтүстіктен қарағандағы Талғар шыңы, Қарауылшытау шыңынан қарағандағы көрініс. Оңтүстік-шығыс Талғар шыңының оң жағы.

Талғар шыңының оңтүстік-шығысында да құлама беткейлер жеткілікті, дегенмен солтүстік-баты жағынан айтарлықтай айырмасы бар. Талғар құламасына қарайтын Оңтүстігі толығымен қарлы-мұзды өңір, биіктігі шамамен 600 метрден астам, ал тіктігі жағынан шамамен 45-50ᴼ. 

Металлург шыңының солтүстік беті

Талғар құламасы мен шығыс жотаның арасындағы оңтүстік-шығыс беткейдің жоғарғы жағын толығымен қар мен мұз басқан. Жартасты шығыс беткейі Негізгі шыңнан тарайтын қысқа жотаның аяғы болып саналады. Жотаның өзі етегіне дейін толығымен мұзды. Қарлы-мұзды солтүстік жағының беткейлері 25-30ᴼ тік. Талғар шыңының оңтүстік-шығыс беткейі мен шығыс жотасында шыңға шығаратын қарапайым әрі танымал альпинистік бағыт бар.

Талғар шыңының шығыс беткейі

Талғар торабы Іле Аалатауындағы мейлінше мұз басқан өңір. Бұл жерде жалпы көлемі 128 км2 жететін 46 мұздық болса, оның ішіндегі ең ірісі Корженевский мұздығы. Талғар торабына таяу тұста Іле Алатауының оңтүстік беткейінде Богатырь мұздығы жатыр. Оның қазіргі ұзындығы 9 км-ге жетсе, жалпы көлемі 30 км2 - ді құрайды.

Талғар торабының құрамына Іле Алатауындағы Негізгі жотаның оңтүстігінде тұрған Ақтау (Н-4686) және Труд (Н-4550) шыңдары кіреді. Батыс жотада – Саланов (Н-4240), Чекист (Н-4310), Қарауылтау (Н-4269), Қылыштау (Н-4120), Үшбастау (Н-4274), Сұлуқыз (Н-4290), Абай (Н-4381), Спортивная (Н-4117) шыңдары қосылады. Солтүстік жотада Қаратау (Н-4232), Колокольниковтер (Н-4100) және ГТО (Н-4030) шыңдарын қамтиды.

Чекист және Қарауылшытау шыңдары    Талғар торабының шыңдары

 

Талғар торабында Жарсай (Н-4580) және Көкбұлақ  (Н-4540) шыңдары айрықша көрінеді. Көкбұлақ шыңынан кейін Іле Алатауының Негізгі жотасы күрт еңістене бастайды да, біртіндеп Талғар торабынан шығып кетеді. Оңтүстік Есік пен Оңтүстік-Шығыс Талғар өзеніне Шілік алқабында Жаңғырық өзені құйылған соң әрі қарай Шілік өзені аталады.

Металлугр, Жарсай, Көкбұлақ шыңдары    Талғар торабындағы шыңдардың сызбасы

 

Талғар жотасында да биіктігі 4300 метрден асатын алты асу бар, оның екеуі Іле Алатауындағы ең биік және күрделі асулар.

Талғар торабындағы асулар мен мұздықтардың сызбасы

1935 жылдан 1979 жылға дейін Талғар торабындағы тау етегінде «Талғар» деп аталатын бүкілодақтық альпинистік лагерь жұмыс істеген еді, өкінішке қарай кейін оны сел шайып кетті. Қазіргі уақытта бұл өңірге Алматы қорығының рұқсатымен ғана баруға болады.

Алыстан мұнартатын ақшаңқан Талғар торабы табиғаты айрықша өңір. Сол себепті ол өз еліміздің туристерінің ғана емес шетелдік қонақтардың да ұдайы қызығушылығын тудырып келеді. 

Талғар торабындағы шатқалдар мен шыңдар туралы егжей-тегжейлі ақпаратты жеке тақырыптардағы сипаттамалардан оқуға болады.

Автор: Колокольников А.Е.
×