Мақалалар / Оң Талғар

Жарияланған күні:

Оң Талғар өзені – Талғар өзені алабындағы басты үш өзеннің бірі. Іле Алатауындағы Негізгі жотадан Сол Талғар өзеніне құйғанға дейінгі ұзындығы 19 шақырым. Шатқал басынан аяғына дейін мейлінше терең әрі айтарлықтай тар, солтүстік жарқабақтары өте тік. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа бет бұрып жатқан шатқалдың солтүстік беткейлері шыршалы қалың орман болса, оңтүстік беткейіне дала өсімдіктері мен шалғын өскен.

Шатқал оңтүстік-шығысында Іле Алатауының Негізгі жотасын тұйықтап жатыр. Оның солтүстік үстіртін оңтүстігінен Орта және Оң Талғар шатқалдары бөледі. Шатқалдың солтүстік беткейі Жаңа үстірттің солтүстік бетінің соңы болып саналады, ал шығысынан Талғар үстірті Оң Талғар мен Жарсай шатқалын бөліп жатыр. Солтүстігінде Жұман тау мен Талғар тауы Оң Талғарды Іле алқабынан бөліп тұр.

Оң Талғар шатқалы

Оң Талғар өзеніне құятын небәрі үш-ақ шағын өзен бар: өзеннің сол жағында Жаңа үстіртте орналасқан «Монах үңгірі» шатқалынан шығатын өзен және Орта Талғары өзені, оң жағынан «Кругозо» тауына тура қарсы бетте Жұман тауындағы Қыземшек шыңының беткейлерінен бастау алатын шағын өзен.

Жұман таулары

Бұл өзендер шамамен 2800 метр биіктіктегі сирек орман өскен байырғы жыныстан шығатын шағын жылғалардан бастау алады. Мұндағы бастау сулары мен Металлург мұздығынан еріген су биік таулы аймақта жер астына кетеді де, сонда сүзгіден өтіп көне жыныстардың арасынан шығады. Өзендегі судың тап-таза болатыны сондықтан. 

Оң Талғар өзенінің бастаулары

Сол Талғар мен Орта Талғар суының түстері мұздықтан еріген судың әсерінен қоңырқай тартады. Оң Талғар мен Орта Талғар қосылған кезде кристалдай таза су жоғалып, біршама лайланады.

Оң Талғар (сол жақта) мен Орта Талғар өзендерінің құйылысы    Орта Талғар қосылғаннан кейінгі Оң Талғар өзені

Оң Талғар мен Орта Талғар өзендері бірігер тұста, Оң Талғар шатқалының жоғарғы жағында Алматы қорығының ғылыми базасы бар.

«Ғылыми базаға» кіре беріс    

Одан төменіректегі сол жағада 1979 жылға дейін «Талғар» альпинистік лагерінің Асу базасы ретінде қызмет атқарған орманшының кордоны тұр. Бұл базадан аттылы керуен аптасына екі рет азық-түлік пен пошта алып шыққан. Сондай-ақ келешекте тауға өрмелеушілердің лагерьлері осында тігілген. Қаза болған альпинистке арнап кордонға таяу төңіректегі бұрынғы соқпақ бойына қойылған мүсін әлі күнге сақтаулы.

Демалыс базасындағы алаңқай     

Орманшының кордонынан кейін үш шақырымнан соң «Монах үңгірі» аталатын ғажап шатқал жатыр. ХІХ ғасырдың соңында жартастардың бірін өзге жұрттан оңаша қалатын құжыраға* айналдырған, шатқалдың атауы содан қалған. Құжырада жатын төсек, ошақ пен есіктен өзге ештеңе жоқ.

«Монахова щель» шатқалы

Монах бұл құжырада төңкеріске дейін өмір сүрген. 1917 жылғы төңкерістен кейін құжыра қолдан қолға өткен. 1930 жылдардың соңында бұл құжыраны НКВД қуғын-сүргінінен қашқан жоғары дәрежелі дін қызметшісі (священник) өмір сүрген. Жергілікті тұрғындар ол жөнінде білген және оған жәрдем де көрсетіп тұрған. Монах осылайша ол жерде 1944 жылға дейін өмір сүрген. Ақыр аяғында әлдекімнің көрсетуімен НКВД қызметкерлері священникті тауып алып, сотсыз, сұраусыз сол жерде атып тастаған. 1990 жылдардың соңында шіркеу қызметкерлері шатқалдағы үңгүр тұсына белгі қойған. Өкінішке қарай, 21 ғасырдың бас кезінде әлдекімдер талқандап кеткен.

«Монах үңгірінің» қалдықтары

Бұл шатқалдың сағасында советтік кезеңде Қазақстаның зағиптар қоғамы мүшелерінің балаларына арнап салынған «Спутник» атты лагерь болған. Аса танымал бұл лагерге Алматы қаласының тұрғындары да жолдама алатын. 1990 жылдары лагерь мүлде қараусыз қалды. Кейін ішінара қалпына келтірді, қазір ол жер қайтадан балалар демалатын орынға айналды.

Шатқалға жету үшін осы лагерьді көлденеңінен кесіп өту керек. Шатқал ішінде жеткенде барып бұл жердің не үшін үңгір аталғанын түсіне бастайсың. Айналасындағы биік жартастар мен беткейдегі қалың шөп өзі де тар шатқалды одан әрі қалтарыс, үңгір секілді көрсетеді. 1,5 шақырымға созылып жатқан бұл шатқал екі сарқырамасы бар тұйыққа бір-ақ тіреледі. Шатқал жартастарының ең басында кезінде діндарлар паналаған құжыра үңгірді көруге болады. Өкінішке қарай белгісіз біреулер мұндағы құжыраны да қиратып, қабырғадағы жазуларды бүлдірген.

Шатқал ішінде кейде сумен жүруге немесе көлденең ағаш жатқан, тас құлағынан шағын жартасты қабырғаларды кесіп өтуге тура келеді. Бірақ мұндай аздаған қиындықтар ғажап шатқалдың әдемілігін одан әрі күшейтпесе еш азайтпайды. Бұл орынның аса танымал экскурсиялық нысандардың бірі екені сол себепті.

 

*Христиан дінінде ел-жұрттан оңашаланып, тақуалық жолды қалаған кебір діндарлар ішінде ешбір артық зат жоқ құжырада (келья) тіршілік кешкен. Ислам дініндегі қылуетпен ұқсас ұғым.

 

«Монахова щель» шатқалының көріністері

            

            

               

Альпинистік көзқарас тұрғысынан алғанда Оң Талғар шатқалы аса қызығушылық тудыра қоймайды, өйткені небәрі жеті шың ғана бар. Оның бәрі Металлург мұздығында жатыр. Сол жақ қабырғасын ұзындығы бір шақырымға жуық қалың мұз басқан Металлург шыңы мен Солтүстік жота жанында Қаратас. Колокольниковтер, Таганай пен Кругозор шыңдары жатыр. Талғар жотасындағы Мазақбай (Н-4100), Күмбез жартас (Н-4040) шыңдарына жұртшылық сирек барады.

Металлург шыңының солтүстік қабырғасы    Солтүстік жотадағы шыңдар

Металлург мұздығының төңірегі    Талғар жотасының шыңдары

Тау туризміне жарамды асулар мұнда небәрі жетеу ғана, олардың өзі аса күрделі емес.

Оң Талғар шыңдарының сызбасы    Оң Талғар асуларының сызбасы

 

Автор: Колокольников А.Е.
×